Ақтөбедегі NIS-те 5-сынып оқушыларына арналған «Каникулдық мектеп» жобасы аяқталды. Ақтөбе облысының жалпы білім беретін мектептерінен келген 35 оқушы бір апта бойы «Математика», «Жаратылыстану», «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі» пәндері бойынша білімін жетілдірді.
– Зияткерлік мектепте бес пәннен білімімді жетілдірдім. Ережелерді тереңірек түсініп, оқуда жүйелілік керек екенін түсіндім. Енді сол пәндерге одан әрі қызығушылық танытамын. Мен өз мектебімде үздік оқушылардың бірімін, сондықтан осы мектепке түсемін деп ойлаймын, – деп бөлісті Адина Уразаева, «Ақтөбе орта мектебі» оқушысы.
«Виртуалды мектептің» қорытынды тестісінде жалпы баллдың 50 пайызын жинаған оқушылар жазғы және қысқы каникул кезінде Зияткерлік мектептерге «Каникулдық мектебіне» қысқа мерзімді оқуға шақырылады.
– Каникулдық мектепте мұғалімдер сабақты қызықты түсіндірді. Белсенді үзілістер, ойындар мен тренингтер де өте ұнады. Зияткерлік мектепке түссем деген үлкен үмітім бар, – деді №28 орта мектептің 5-сынып оқушысы Асан Мұхамедияр.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымдарының оқушыларын NIS-тің 7-сыныбына түсуге дайындау. Сабақтарда белсенді оқыту формалары қолданылып, тапсырмалар мектепке түсушілерге арналған тесттерге сәйкес таңдалды.