23 cәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні

Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күнінде Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қашықтан бас қосты. Кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өткен іс-шаралар көпшілік назарын оқу мен білімге бұрып, адамзаттың рухани жан-дүниесін ізгілік пен өркениетке жетелейтін құнды қазына – кітапты насихаттауға бағытталды.

«Оқуға құштармыз» жаңа жобасы мектеп қауымдастығын сүйікті кітаптарымен бөлісуге шақырады. Padlet платформасында жасалған онлайн-тақтаға әр қолданушы оқыған туындысы жайында өз пікірін қалдырып, басқа да жаңа кітаптармен таныса алады. Осы сілтемеге өтіп, өз кітапханаңызды толықтыра аласыз: https://clck.ru/UTMgL

Ал 7-сынып оқушылары арасында өткен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты мәнерлеп оқу сайысында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туындылары насихатталды. Қатысушылар әділ қазылардың таңдаған өлеңін бір минут ішінде дайындап, көрерменге ұсынуы керек. Байқауға 10 зияткер белсене қатысып, өз жеңімпаздарын анықтады: Санжар Бекболатов, Айым Жұбатқан, Ақжан Хамидолла және Азамат Бақыт жүлделі орын иегерлері атанды.

Сондай-ақ «Книжная Вселенная» интеллектуалдық ойыны 8-сынып оқушыларын біріктірді. Олар шығарма жанры мен авторлар, кітаптан үзінділер, кейіпкерлердің бейнесі туралы әр түрлі деңгейдегі сауалдарға жауап беріп, өз көкжиектерін кеңейтті. Ойын барысында зияткерлер қазақ және шетел әдебиетінен білімдерінің жоғары екендігін дәлеледі. Білім додасында «Альфа» командасы жеңіске жетті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, шаралар қашықтан өтсе де, оқушылар жақсы белсенділік танытқан.

– Қазір пандемия салдарынан дәстүрлі шараларымыздың барлығы онлайн форматқа ауысты. Бірақ бұл оқушылардың кітапқа деген қызығушылығына кері әсерін тигізген жоқ. Олар әрдайым оқыған туындыларымен бөлісіп, кері байланысқа шығады. Кітапханаға келген жаңа кітаптарға да сұраныс әрқашан жоғары. Білімнің де, тәжірибенің де, адамдық қасиеттің де бастауы – кітап. Зияткерлер мұны санасына әлдеқашан сіңірген, – дейді аға педагог-кітапханашы Гүлбақыт Урисбаева.